+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Дереккөзі: Облыстық «Дидар»газеті № 23 (17874) 27 ақпан 2020 жыл Дарынды балалар қолдауға ие
28 Фев, 18:17

Өскемен қаласында «Оқыту мен тәрбиелеудегі құзыреттілік: құралдар мен мүмкіндіктер» тақырыбында республикалық кеңейтілген оқу-әдістемелік кеңесі өтті. Бұл іс-шараны өткізуге Өскемен қаласының таңдалуы да бекер емес. Шығыстың жас дарындары түрлі республикалық, халықаралық білім сайыстарында топ жарып, жеңімпаздар саны бойынша көш бастап тұр.

Кеңес жұмысына барлық облыстардың білім басқармаларының өкілдері, өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталықтарының директорлары, республикадағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің басшыларынан құралған жүзге тарта мейман қатысты.

Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы педагогикалық шеберлік зертханасының меңгерушісі Айгүл Каркулова, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлеген, облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова кеңес қатысушыларының екі күндік жұмысына сәттілік тіледі.

Жиынның ашылу салтанатында облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының директоры Гаухар Рахымжанова өңір оқушылары мен мұғалімдерінің әртүрлі деңгейдегі республикалық, халықаралық зияткерлік олимпиадалар мен ғылыми жарыстардағы жетістіктері, алдағы жоспарлары жайлы айтып өтті.

Дарынды балаларды қолдау – білім саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Өңірімізде оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Қазір облыста жалпы білім беретін 648 мектеп, 2- Назарбаев зияткерлік мектебі, 8 – әртүрлі бағыттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп жұмыс істейді. Дарынды балалармен үйлестіру жұмыстарын негізінен «Дарын» ғылыми-әдістемелік орталығы атқарады. Дарынды оқушыларды анықтау және дамыту мақсатында орталықта жыл сайын шамамен 300-ге тарта іс-шара өткізіледі. Былтыр 171 574 оқушы зияткерлік олимпиадалар, байқаулар мен ғылыми білім сайыстарына қатысып, оның 65 611 жүлдегер атанды. Олимпиадаға қатысушылардың саны да, сапасы да жылдан жылға артып келеді. Облыстағы дарынды оқушылар командасы халықаралық және республикалық деңгейдегі зияткерлік сайыстарда соңғы үш жылда 572 медальды олжалады. Оның ішінде 132 алтын, 186 күміс, 254 қола. 119 медаль – халықаралық, 453 медаль  – республикалық білім сайыстарының жемісі. Облыс оқушылары Ұлттық зияткерлік команданың құрамында айтулы халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделермен оралып жүр.

Диктант жеңімпазы Жидебайға барады Өңірде жыл сайын «Digital East – болашаққа қадам» халықаралық IT-форум өтеді. Осы форум аясында StartUp-жобалар байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаз оқушыларға облыс әкімінің гранты беріледі. Былтыр осындай стартап-жобаларды жүзеге асыру үшін оқушыларға 12 млн. теңгенің гранты бөлінді.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған «Jastar Time» облыстық ІТ-хакатоны мен «Skills for Geeks» облыстық чемпионатында оқушылар модельдеу, бағдарламалау және роботтық техника бойынша алған білімдері мен  қабілеттерін көрсетіп, сынға түседі.

 Дәстүрлі түрде өтетін облыстық ІТ-фестивальда оқушылар ғылыми және ІТ-жобаларын қорғап, үздіктері арнайы жүлделермен марапатталады.

«Киелі Алтайым – туған жерім» археологиялық жазғы мектебінің аясында 500 оқушы Берел қорғандары, Елеке сазы, Аблайкит сияқты ірі нысандарда болды. Жазғы мектеп ұстаздарының қатарында Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының  профессорлары  Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев бар.

Биыл ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында 7-10 сынып оқушыларының арасында облыс көлемінде онлайн режимде диктант жазу жоспарланып отыр. Аталған шараның 20 мыңнан астам жеңімпазы «Жидебай» мұражай-қорығына және ұлы ақынның туған жеріне барады.

 Екі жылдан бері С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университетпен бірлескен облыстық пән олимпиадасы өтеді. «Туған ел. Туған жер. Туған глобал» аталатын бұл білім сайысына жыл сайын өңірімізден 250 оқушы қатысады. Олимпиаданың ерекшелігі – жеңімпазға «Тарих» мамандығына тегін оқуға мүмкіндік беретін ректор гранты табысталады.

Таулы Үлбіде орталықтың өз лагері бар. Жазда мұнда 7-16 жас аралығындағы оқушылар он күн бойы демалады. Лагерьде түрлі үйірмелер, спорттық секциялар мен шығармашылық студиялар жұмыс істейді. Лагерьдің есігі ерекше қажеттілігі бар балалар үшін де ашық. Мәселен, былтыр жазда «Дарын» демалыс базасында Нұр-Сұлтан мен Өскемен қалаларында инклюзивті білім алып жүрген 7-15 жас аралығындағы «ерекше» балалар және Қызылорда облысындағы «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері демалып қайтқан болатын.

Жыл сайын жарық көретін «Шығыстың жас дарындары» кітабында оқу жылының қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен дарынды оқушылар мен олардың мұғалімдері жайлы ақпарат беріледі.

Жыл сайын жарық көретін «Шығыстың жас дарындары» кітабында оқу жылының қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен дарынды оқушылар мен олардың мұғалімдері жайлы ақпарат беріледі. Дарынды балаларды ынталандыру мен қолдау мақсатында жыл сайын облыс әкімімен кездесу өтеді. Былтыр да облыс әкімі Даниал Ахметов халықаралық, республикалық зияткерлік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарымен кездесіп, дарынды балалардың жетістіктерін жоғары бағалады.

 - Былтыр зияткерлік сайыстарға қатысқан оқушыларымыз 148 медаль олжалады, оның 43-і алтын, 50-і күміс медаль. 39 медальды АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Бразилия, Индонезия, Австралия, Ресей, Беларусь елдерінде өткен халықаралық білім сайыстарынан жеңіп алды. «Білікті маман» бағдарламасы аясында мектеп түлектерінің өңірлік жоғары оқу орындарына түсуі үшін облыс әкімінің 1046 гранты бөлінді,-деді «Дарын» орталығының директоры Гаухар Рахымжанова.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұстаздар балалар мен жасөспірімдердің құрастыру дағдыларын дамытатын STEM зертханасының инновациялық жобаларын тамашалаған соң, ІТ мектеп-лицейі мен дарынды балаларға арналған мектеп-лицей-интернатына арнайы барды. ІТ мектеп-лицейінде «Helper» жаяу жүргінші жолы», «Абай –дана, Абай-дара қазақта» виртуалды 3D-туры, «Шығысқазақстандықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында» виртуалды 3D-туры» сияқты IT-Start-up жобаларымен және дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» арнайы ерлер мектеп-гимназия-интернатындағы оқу-тәрбие үдерісіндегі жетістіктермен танысты.  

 Абай, Әл-Фараби, Жамбыл ауылдарымен ерекшеленді Облыстағы дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты жұмысының іс-тәжірибесінен кеңеске қатысушылар мектептегі инновациялық жұмыстармен, озат тәжірибелермен танысты.

 Мектепке кіргеннен-ақ қазақы қонақжайлық байқалады. Мектеп-гимназияның директоры Жамбол Қайырдыұлы қонақтарды жұмыс жоспарымен таныстырып, арнайы жабдықталған ауылдарға саяхат жасады. Кеңеске қатысушылардың алдымен  тоқтағаны – «Абай ауылы». Оқушылар М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кейіпкерлер образына еніп, ұлы Абайдың өмірінен театрландырылған сахналық көрініс көрсетті. Балалар үйірмеде алған өнер-білімдерін ортаға салып, ақынның «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері шырқалды.

Қатысушылардың келесі  тобы «Әл-Фараби» ауылын тамашаласа, «Жамбыл» ауылының ұстаздары мен оқушылары «Дала Гомері» атанған ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Кеңес қатысушыларының назарына ұлдардың «Дзю-до», қыздардың қолөнер үйірмесінің, «Шахмат», «Тоғызқұмалақ», «Интеллектум» үйірмелерінің жұмыстары ұсынылды. Бұл ойын түрлері бойынша қалалық, облыстық чемпионаттардың чемпиондары мен жүлдегерлері аз емес. Облыстағы шахматтан халықаралық дәрежедегі жалғыз спорт шебері Алмагүл Шәкеева информатика пәнінен сабақ береді және шахмат үйірмесіне жетекшілік етеді. Асқар Рамазанов жетекшілік ететін тоғызқұмалақ ойынынан да көрсеткіштері жоғары. Өскемен қаласы құрамасының негізін, атап айтсақ, 80 пайызын осы жамбылдық тоғызқұмалақшылар құрап отыр.

Бұдан кейін қонақтар КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген және Құрметті педагогы Қанипа Бітібаева атындағы ғылыми-әдістемелік зертханасын тамашалады. Мұнда ұстаздың өз қолымен жасаған схемалары мен кестелері, әдістемелік құралдары, еліміздің тарихи кезеңдеріне байланысты киген киімдері, стендтер ілінген. Бүгінде Қ.Бітібаева атындағы зертхана облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарында ашылып, жұмыс жүргізуде.

Республикалық кеңес жұмысы табиғаты ғажайып Таулы Үлбідегі «Дарын» базасында «Daryn team» тимбилдингімен жалғасты.

Қарагөз Еңсегенқызы, Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика мектебінің директоры:

Шығыста білім сапасының өте жоғары екендігі қай кезде де айтылады. Бүгінгі кездесуіміз оқыту, тәрбиелеу арқылы дарынды балалардың ерекше қабілеттерін анықтау мен дамыту жолдарын зерделеу мақсатында іс-тәжірибе алмасуға арналды. Бұл іс-шарадан жаңа білім, тәжірибе алдық. Шеберлік сағаттарына қатыстық. Өскемендегі мамандандырылған мектептердің қай-қайсысын алсақ  та, ондағы дарынды оқушылармен жұмыс сауатты ұйымдастырылыпты. Өңірдегі мектеп-интернаттар заманға сай жабдықталыпты. Өзіміз аралап көрген IT – лицей осы статусты алғанына екі жыл ғана болса да, шәкірттерінің жетістіктері мақтауға тұрарлық. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, бұл – ең алдымен дарынды балалардың білім сүйгіштігі мен еңбекқорлығы және білікті ұстаздары мен ата-аналарының үздіксіз еңбегінің жемісі дер едім.                                                                          

 Айжанат Бақытқызы

https://didar-gazeti.kz/daryndy-balalar-oldau-a-ie/