+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Облыстық «Дидар» газеті, №148 (17849) 2019 жыл Болашаққа шеру тартып барамыз
26 Дек, 15:39

Жаңа жыл мерекесін, әсіресе, бүлдіршіндердің асыға күтетіні белгілі.  Өйткені жап-жасыл шыршаның жанында аталып өтетін іс-шара бала көңіліне шұғылалы шуақ сыйлайды. Биыл  «Ертіс концерт» орталық Мәдениет үйінде өткен президенттік және облыс әкімінің шыршасына облысымыздың қалалары мен аудандарынан 9-13 жас аралығындағы 450 оқушы қатысты.

 «Ертіс концерт» Мәдениет үйінің табалдырығын аттағаннан-ақ бойыңызды әлдебір қуаныш сезімі билейді. Мұндағы шат-шадыман бала күлкісінің өзі ғажап! Жаңажылдық шырша мерекесін адаспай табуы үшін балдырғандар арнайы үңгірмен жүруі керек. Жасыл шырша жапырақтарымен көмкерілген үңгірдің ішінде сиқырлы оттар жымың қағады. Сол үңгірмен жүріп отырып,  екінші қабатқа көтерілгеніңізде әлдебір ертегілер әлеміне тап болғандай күйді бастан кешесіз. Бала кезіңізде әжеңіздің аузынан естіп өскен небір ертегі кейіпкерлері мен мультфильм қаһармандарының барлығы осында жүр. Төбеден жапалақтап жауған аппақ қар, жаңажылдық шырша – бәрі, бәрі жаныңызды жұмбақ сезімге бөлейді.

Биылғы Қазақстан Президентінің шыршасы «Біз – еліміздің жарқын болашағымыз» атты ұранмен өтті. Оған облысымыздың аудан, қалаларынан  200 оқушы қатысты. Президент шыршасына қатысқан балаларды  құттықтау үшін облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы келді.

-Қайырлы күн қымбатты достар, аса қымбатты менің балаларым! Баршаңызды ең маңызды, ең қуанышты мереке – Жаңа жылмен құттықтаймын! Өмірде көп мереке, көп мейрам бар. Бірақ соның ішінде ең қуанышты, бала жүрегіне ыстық мереке болса, оның аты – Жаңа жыл! Жаңа жыл құтты  болсын, менің қымбатты балаларым!  Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бізге Қазақстан және қазақстандықтар бәсекеге қабілетті болуы керек деген тапсырма берген болатын. Ал енді қай салада, қай бағытта біз бәсекеге қабілетті болуымыз керек? Тек қана бір салада, бір бағытта біз бәсекеге қабілетті болуға тиіспіз. Ол – білім саласы. Қымбатты менің балаларым, жиырма бірінші ғасыр цифрландыру ғасыры. Сол себепті сіздер ең алдымен ағылшын тілін жақсы білулеріңіз қажет. Өйткені әлемдегі ақпараттың 60 пайызы ағылшын тілінде. Ана тіліміз – қазақ тілін сөзсіз білуге тиіспіз! Орыс тілін де  сөзсіз білуіміз қажет. Болашақта сіздер Қазақстанның мақтанышы боласыздар. Бүгінгі тамаша күн құтты болсын, қымбатты менің балаларым! Сіздерге тек қана бақыт пен қуаныш тілеймін, – деді облыс әкімі Даниал  Ахметов өзінің құттықтау сөзінде.

 – Маған шырша мерекесі  ұнап жатыр. Осындай мерекеге қатысу мүмкіндігіне ие болғаным үшін ерекше бақыттымын, – дейді Катонқарағай ауданы, Топқайың орта мектебінен келген 7-ші сынып оқушысы Ділназ Асылғазы. Жарма ауданы,  Суықбұлақ ауылынан жаңажылдық шыршаға келген Хабиболла Әлем тым әңгімеші екен. Он екі жастағы жеткіншек болашақта бастық болуды армандайтынын да жасырмай жайып салды. «Бастық болсам, артымдағы бауырларыма қамқор болар едім» деп қояды үлкен кісіше ой толғап. Оған да жаңажылдық  шырша мерекесі  ұнаған секілді.  «Сөзбен айтып жеткізе алмаймын» деп қояды жымиып. Ал «Аяз Атадан қандай сыйлық алғың келеді?» деген сауалымызға  «Ноутбук алғым келеді» деп тақ етті. Курчатов қаласындағы №4 орта мектептің 5-ші сынып оқушысы  Бахарбек  Құзар  Президент шыршасына қатысуға келген көп балалармен достасып үлгергеніне қуанышты.  Батыр болып киінгенімен, Құзардың жаны нәзік. Арманы – Ұлы Абай атасы секілді ақын болу. Ол Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқиды.

Шынында да балалармен әңгімелесіп, сырласқан да бір керемет екен. -Биылғы  жаңажылдық бағдарламаның форматына өзгеріс енгізуге тырыстық. Байқасаңыз,  «Аяз Атаның шеберханасы» жұмыс істеп тұр. Мұнда 3Д принтер арқылы балаларға түрлі сыйлықтар жасалады. Балаларға арналған жаңажылдық қойылымды облыстық драма театрының актерлері әзірледі. Сценарий бойынша балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге Тышқанның әртіс болсам деген арманына жетуіне қолдау көрсетеді, – дейді өңірлік ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығы директорының орынбасары  Елена Шимина. Түстен кейін де «Ертіс концерт» орталық Мәдениет үйіндегі қуаныш толастамады. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 250 оқушы облыс әкімінің жаңажылдық шыршасын тамашалады. …Жаңажылдық шырша маңында улап-шулаған қуанышты топтың назарын әлдебір уақытта біреудің жылаған үні өзіне аударған. Мынандай қуанышты күнде жылаған кім десек, кәдімгі Тышқан. Мысықтан қашып, ебіл-себілі шыққан Тышқан тіпті, өзінің қандай жерге, қандай елге тап болғанынан да бейхабар. Көмекке Робот пен балалар келеді…

Қазақстан киелі Отан, анамыз,

Ырыс қонған, байтақ, дархан даламыз.

Бір өзіңде бақытты өмір сүріппіз,

Болашаққа шеру тартып барамыз.

Қазақстан жайлы бейнероликті көрген Тышқан «Енді ұмытпаймын» дейді  ерекше қуанып. Осылайша, басталған жаңажылдық оқиғаға енді Тышқанның «актер болсам, театр сахнасында ойнасам» деген арманы өзек болады. Жаңа жылға жиналған қауым Тышқанның сол арманына жетуі үшін қол ұшын созады. Арманға жету жолында небір кедергілерге де тап болады.  Әсіресе, қара мысық Тышқанды уысына түсіріп, арманын тұншықтырғысы келеді. Қуанышқа қарай, бәрі сәтімен аяқталады. Облыс әкімінің шыршасына қатысқан балдырғандарды облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев құттықтап, жылы лебізін білдірді. –

Санаулы күндерден  кейін Жаңа жыл келеді. Осыдан 28 жыл бұрын біздің Тұңғыш Президентіміз – Елбасы біздің тәуелсіз Қазақстанда тұруымыз  үшін қолынан келген барлық жағдайды жасады. Біз бақытты ұрпақпыз. Біздің Президентіміз қазір осынау жолды жалғастыруда.  Жыл сайын облыс  әкімі оқуда үздік оқушылар үшін  шырша мерекесін ұйымдастырады. Барлықтарыңызға облыс әкімінің атынан ноутбук сыйға беріледі, – деді облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев. Бір атап айтарлығы, президенттік және облыс әкімінің жаңажылдық шыршасына қатысқан оқушылардың ішінде оқу озаттары мен дарынды балалардан өзге, жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасылардан шыққан бүлдіршіндер де бар. Жаңажылдық шыршаға қатысу үшін облыс орталығына арнайы келген бүлдіршіндер үшін ауқымды мәдени- ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Олар «Жаңа достар арасында» атты танысу кешіне қатысып, «Юбилейный» кинотеатрында жаңажылдық мультфильмді, облыстық драма театрында балалар спектакльдерін тамашалады. Сондай-ақ олар үшін үстел теннисі мен спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды.

 – Жаңажылдық шырша керемет ұнады. Мұндай шырша мерекесіне бірінші рет қатысып тұрмын, – дейді Зайсан ауданы, Көгедай ауылының мектебінен келген Бекзат Сақажанов. Мен де осынау жаңажылдық шыршаның оның есінде ұзақ сақталатынына, өмірінің ең бір жарқын сәті болып қалатынына сенімдімін.

Мейрамтай Иманғали