+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Облыстық «Дидар» газеті, № 118 (17819) 17 қазан 2019 жыл, Туған жерін танып біледі
18 Окт, 11:28

Облысымызда спорттық туризмнің кенжелеп тұрғаны жасырын емес. Мұны мамандар да мойындайды. Олардың айтуынша, қазір өңірде жастарға осы салаға қатысты бағыт-бағдар беретін нұсқаушылар саусақпен санарлықтай ғана екен.

Сондықтан болар, соңғы жылдары Шығыста аталмыш саланың бойына қан жүгірту мақсатында бірсыпыра шаруа қолға алынған-ды. Соның ішіндегі ең сүбелісі деп облыстық білім басқармасы мен «Дарын» ғылыми-әдістемелік орталығының мұрындық болуымен өткізілетін туристік көпсайыстан аймақтық біріншілікті айтуға болар.

Осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған іс-шараның түпкілікті мақсаты – өскелең ұрпаққа туған жердің кереметтерін көрсету, оны аялап, қорғауға баулу. Бұл жөнінде «Дарын» ғылыми-әдістемелік орталығының директоры  Гауһар Рахимжанова да айтты.

– Биыл облыстық білім басқармасының бастамасымен  туристік көпсайыстан екінші өңірлік чемпионат өткізілуде. Былтырғы жарыспен салыстырғанда бұл жолғы біріншіліктің мән-мағынасы да артқан, қатысушылары да ұлғайған. Спорттық іс-шараға облысымыздың аудан-қалаларынан келген 140-қа жуық бала қатысуда. Олар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлініп, командалық және жекелей сында өзара мықтыны анықтайтын болады. Жалпы, аталмыш чемпионатты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Өз жеріңді танып біл» жобасы аясында өткізіп отырғанымызды еске салғым келеді. Бұл бастаманың жастарымызға берері мол деп санаймыз, – дейді орталық басшысы.

Жоғарыда айтылғандай, облыстық чемпионатта аудандық және қалалық іріктеу сындарынан іркілмей өткен 140-қа таяу оқушы бақ сынауда. Араларында былтырғы жарыста көзге түскен жастар да бар. Мәселен, Семей қаласынан келген Ерлан Мухлисов осыған дейінгі түрлі сайыстарда бірнеше мәрте үздіктер қатарынан көрініпті.

 – Спорттық туризмге бет бұрғаныма бір жылдай ғана болды. Алайда осыншама аз уақыт ішінде түрлі деңгейдегі бес жарысқа қатысып үлгердім. Нәтиже жаман емес сияқты, дегенмен көрсеткіштерімді әлі де жақсарта түскім келеді. Биылғы чемпионатта алдыма бірінші орын алу мақсатын қойдым. Қарсыластар осал емес, алайда біздің команда да біріншілікке тыңғылықты дайындықпен келді. Сайыстар өте тартысты әрі қызықты өтейін деп тұр, – деген жас талап болашағын осы саламен байланыстырып, кейін шәкірт тәрбиелегісі келетінін де айтып қалды.

Біріншілікке сақадай сай әзірлікпен келген тағы бір команда – Аягөз қаласындағы №4 орта мектептің құрамасы. Аталған білім ордасының жастарын бастап әкелген бапкер Мақсат Ардашев соңғы жылдары Аягөз ауданында спорттық туризмге қызығушылық танытқан жастар қатары айтарлықтай көбейгенін жеткізді. Бұған бір ғана мысал, аягөздік өрендер 2016 жылы Ақтау қаласында өткен республикалық додада облыс намысын абыроймен қорғаған екен.

– Біздің команда үшін бұл бірінші ірі жарыс емес. Осыған дейін оқушыларымыз еліміздің түкпір-түкпірінде өткен бірнеше байрақты бәсекеде бақ сынап, үздіктер қатарынан көрінген болатын. Жастарымыз үшін бұл аса қажет жоба деп есептеймін. Өйткені балалар тәжірибе жинап қана қоймай, жаңа достар табады, туған жерін танып біледі. Мәселен, кезінде осындай іс-шараларға қатысқан бірнеше оқушымыз қазір жоғары оқу орындарына түсіп, туризм саласындағы білімдерін жетілдіруде. Осындай бастаманы қолға алған облыстық білім басқармасы мен «Дарын» орталығына алғыс айтамыз, – дейді аягөздік команданың жетекшісі.

Айта кетейік, төрт күнге созылатынчемпионат аясында оқушылар түйіндер сайысы, туристік эстафета, техникалық трасса, аспалы өткел, кросс-жорық, құтқару жұмыстары сияқты кезеңдерге қатысып, өзара шеберлік байқаспақ. Бұған қоса, балалар үшін отшашу, би кештері, музыкалық терапия, teambilding сынды мәдени іс-шаралар да қарастырылған.

Нұржан Кенжеұлы