+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Облыстық "Дидар" газеті 2 шілде 2019 жыл №74 (17775) Оқушылар археологиялық қазба жұмыстарына қатысты
04 Июля, 11:48

- Өңіріміздегі ежелгі қорғандарды қазу кезінде әлем ғалымдарын таңғалдырған сенсациялық ғылыми-археологиялық жаңалықтар ашылғаны мәлім. Археология әдістерін зерттеу балалар үшін де өте қызық. Оқушылардың өзіндік зерттеу жұмысы шығармашылық, танымдық бастаманың дамуына ықпал етеді. Мұндай шара жас ұрпақты туған өлкенің табиғи және мәдени-тарихи мұрасымен кеңінен танысуға мүмкіндік береді,-дейді «Дарын» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Гауһар Рахымжанова.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен ұйымдастырылған археологиялық мектепке өңірдегі білім беру мекемелерінің 8-10 сыныптарының 160 оқушысы қатысты. Археологиялық мектептің жетекшілер құрамында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының, Франциядағы Нантэ университетінің ғылым докторлары, профессорлары болды.

Археологиялық мектеп Тарбағатай ауданындағы Елеке Сазы қорымы және Ұлан ауданындағы Аблайкит бекінісі бойынша екі бағытта ұйымдастырылды. Елеке Сазы қорымында балаларға тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология кафедрасының меңгерушісі, археолог Ғани Омаровпен танысуға және сұхбаттасуға мүмкіндік туды. Жас археологтар Елеке Сазы қыратының екі қорғанын қазу жұмыстарына қатысты. Мектеп оқушылары ежелгі түркі мен сақ дәуірінің бірегей олжасы - 18 жастағы ханшайымның моласымен танысты.

Мектеп аясында «Далалық құжаттарды жүргізу ережелері және түрлері», «Археологиялық ескерткіштердің түрлері және оларды зерттеу әдістемесі», «Археологиялық кешендерді, ескерткіштерді белгілеу», «Археологиялық қазба әдістері», «Негізгі археологиялық ұғымдар», «Тарбағатай ауданының тарихы», «Шығыс Қазақстанның археологиялық мәдениеті» атты оқу-тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды. Танымдық және қызықты саяхаттардан басқа балаларға арналған мәдени ойын-сауық іс-шаралары да өтті. Қатысушылар Тарбағатай ауданының өлкетану мұражайына, «Дала даналары» кітапханасына барып, сирек кездесетін кітаптармен танысты, «Мәңгілік ел» саябағында және Әулие Ырғызбай Досқанаұлының мәдени-тарихи ескерткішінде болып қайтты.

XVII ғасырдағы Аблайкит оқшау бекінісінде Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Ерлан Қазизов пен Нантэ университетінің тарих және география профессоры Марк-Оливер Перудің жетекшілігімен жас зерттеушілер бекіністің сыртқы және ішкі қабырғасы бойындағы қазба жұмыстарына қатысты. Балалар әйгілі археологтармен бірге мұнда Қытай стиліндегі айдаһар мүсінін, бекіністі әшекейлеген көптеген керамикалық артефактілерді тапты. Шатырды ұстап тұрған тас бағаналарды қазу кезінде лотос пен лалагүл оюлары бар плиткалар табылды. Балалар бұйымдардың сапасын және олардағы ою-өрнектерді зерттеді. Бұдан басқа, бірлескен жұмыс барысында фарфор ыдыстар, будда рәсімі бойынша құрбандыққа шалынған жануарлар сүйектерінің қалдықтары, ағаш және темір құрылыс материалдары мен басқа да заттар табылды.

Бекіністегі қазба жұмыстарын жүргізу барысында балалар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының деректі фильміне қатысты. Балалардың бос уақытында 
Алғабас ауылының маңайындағы жер тарихымен танысу мақсатында саяхат өткізіліп, Аблайкит бекінісі туралы көптеген аңыздарды естіп білді.

Мектеп аяқталғаннан кейін балалар үшін археологтардың қатысуымен конференция ұйымдастырылды. Оның аясында балалар археологияға қатысты түрлі тақырыпта рефераттар дайындап, қорғады. Мектепке қатысушыларды дәстүрлі түрде археологтар қатарына қабылдады. Археологиялық мектептен балалардың жадында ұмытылмастай естеліктер қалғаны сөзсіз. Бұл туралы Үржар ауданының оқушысы Санжар Айтқұрманов «Мен археологиялық мектептен көптеген тың мағлұматтар алып, өзіме жаңа достар таптым. Туған жерімнің тарихы жайлы білімімді толықтыра түстім», дейді.

Айжанат Бақытқызы